Экс-министр Бишімбаев жазасын қалай өтеп жатыр? (ФОТО)

12 наурыз, 20:00

Түзету мекемесінің басшысы жазасын өтеуші Бишімбаевтың тәртібі жақсы екенін және мәдени іс-шараларға қатысуға ниет білдіргенін айтты.

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қазір Шымкентте жазасын өтеп жатыр. Дәлірегі, Ленгір қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесінен үшінші мегаполистегі ИЧ 167/3 түзету мекемесіне ауыстырылды.

38 жастағы экс-шенеунік түзету мекемесіндегі тиісті шаруалар мен жұмысқа жегілмеген. Тек жасақ құрамында жүріп, арнайы ереже бойынша қамаудағы күнін кемітуге көшіпті.

Бишімбаевқа тиесілі жатын орынның аумағы - 2 шаршы метрді құрайды. 3 мезгіл тамағын уақытылы көппен бірге жұмыла, асханаға барып тұтынады.

Жазасын өтеуші Қуандық Бишімбаев Elitar.kz тілшісіне сұхбат беруден бас тартты.


"Сотталған Қуандық Бишімбаев ағымдағы жылдың 15-ақпанында осы түзету мекемесіне қоныс аударды. Қазіргі таңда өзге де жазасын өтеушілердің жанына орналастырылды. Бүгінде оған ерекше көзқарас, ерекше жағдай, айрықша орын қарастырылған жоқ. Жазасын өтеушілердің бәріне бірдей қараймыз. Сонымен қатар, барлық заңды талаптарға жауап қатып, жүктемелерді атқарып жатыр. Әзірге ешқандай тәртіп бұзған жоқ, оғаш қылықтарын байқаған жоқпыз. Және сотталған Бишімбаев жұмысқа орналасуға ниет білдірмеді. Бірақ мекеменің мәдени іс-шараларына қатысуға ниет білдіріп, өтініш жазды",-деді ИЧ 167/3 түзету мекемесінің басшысы Бағдат Әсілбеков.

ИЧ 167/3 қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі қызметкерлерінің сөзіне сенсек, Бишімбаев концерттік бағдарламаларға сценарий жазып, өлең оқи алатынын және осы бағыттағы мәдени жобаларға ат салысатынын айтыпты.

Еске салсақ, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевқа өткен жылы наурыз айында 10 жылға бас бостандығынан айырылу жазасы кесілді. Оған мемлекеттің қаржысын жымқырды және пара алу қылмысы бойынша бір емес, бірнеше қылмыстық істер бойынша айып тағылған еді. Сондай-ақ, Бишімбаевті мемлекеттік органдарда және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырып, қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілеуге үкім кесті. Мұнымен қоса, судья Қуандық Бишімбаевты мемлекеттік жүлде - "Құрмет" орденінен де айырды.