ELITAR.KZ ақпараттық порталы Алматы маңында орын алған ұшақ апатынан қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтады.
Ұшақ апаты бүгін, 27 желтоқсанда таңғы уақыттта орын алды.
Сағат 07:22-де "Бек Эйр" әуе компаниясының №Z2100 рейсі, Алматы - Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Fokker-100 ұшағы ұшып көтерілу кезінде биіктіктен айырылып, Алматы облысы Талғар ауданы аумағында Гүлдала мен Альмерек елдімекендері арасында екі қабатты құрылыс ғимаратына соғылды. Шұғыл түрде оқиға орнына құтқару қызметі келіп жетті, өрт болған жоқ. Медициналық көмек көрсету үшін 40 жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жіберілді. Ауруханаға жеткізілген жандардың алтауына шұғыл түрде ота жасалды. Ұшақ апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз.
Айта кетейік, әуе бортында 95 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған. Қаза тапқан 12 адамның есімдері белгілі болды. Олардың қатарында Informburo ақпараттық порталының шығарушы редакторы Дана Круглова бар.