"Газ қондырғысы жарылып кеткен": Ақтөбеде көлік апатынан бір отбасы көз жұмды

17 қыркүйек, 08:00

Жол-көлік оқиғасы кеше, 16 қыркүйекте Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданы, Белкоп ауылының маңында орын алған.

Ақтөбе облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Самара-Шымкент тас жолының 934-шақырымында Қарабұтақ ауылынан Ақтөбеге қарай бағытта келе жатқан Mazda Cronos көлігінің жүргізушісі қарсы жолға шығып кеткен. Сөйтіп Opel Vectra көлігімен соқтығысқан.

"Газ цилиндр қондырғысы Mazda автокөлігіндегі соққылардан жарылды. Жүргізуші, оның әйелі, ұлы мен немересі салондағы өрттен қаза тапты. Ал Opel Vectra көлігінің жүргізушісі аудандық ауруханаға түсті. Әйелі мен баласы алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды" делінген ведомство хабарламасында.

Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.