25 ақпан, 11:00
Алыс және жақын шетел азаматтары ағза мүшелеріне сапалы трансплантация операциясын жасату үшін үшінші мегаполиске арнайы келуде. 2018 жылдың өзінде қалалық №1 клиникалық ауруханасына 17 шетелдік азамат келіп, жергілікті хирургтардың көмегіне жүгінген. Олардың арасында Германия, Канада, Израиль және Румыния азаматтары бар.
Жалпы алғанда бүйрек алмастыруға қатысты 149, бауыр алмастыру бойынша 19 операция жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың барлығы сәтті аяқталып, науқастар өздерін жақсы сезінуде. Ақ халаттылар мұндай нәтижеге медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде қол жетіп отыр дейді.
«Шетелдік азаматтар бізге өздерінің донорларымен келеді. Қазақстандықтар ағза мүшесін донор ретінде ұсынған жағдай болған жоқ. Біздің мақсатымыз – медициналық туризмді дамыту», - дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Абылай Донбай.
Шымкенттік ауруханаға күн сайын 250-ге дейін адам жүгініп, олардың 70%-ы стационарлы емделуге бағытталады.