Бұл оқиға Алматыда орын алды. Өгей әкесі екі жасар баланы ұрып-соғып, есінен танған бала ауруханаға жатқызылды.
Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, 23 қыркүйек кешкі 16:00 шамасында Алатау ауданының полиция басқармасының кезекші бөліміне ауруханадан хабар келіп жеткен. Ондағылар 2 жасар ұл баланың ес-түссіз жатқанын айтты.
"Баланың миында қан ұйыған, көп жарақат алған, іші соғылған, аяқ-қолдары ұрылған. Бала комаға түсіп қалған. Полиция ең алдымен баланың 34 жастағы өгей әкесінен сұрақ-жауап алған. Басында ол бала құлап қалды деген уәж айтты. Кейіннен тергеу материалдарының арқасында ұлды өгей әкесі ұрғаны анықталды. Белгілі болғандай, баланың анасы ол кезде жұмыста болған. Жылаған баланы жұбата алмаған өгей әкесі ұрып тастапты», - деді Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаева.
Белгілі болғаны баланың ата-анасы азаматтық некеде тұрған. Осыдан 1,5 ай бұрын Алматы облысынан қалаға көшіп келген.
Жантүршігерлік бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті қамауда отыр. Бұрын ол бірнеше рет ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.