ҰҚК операциясы: Ішкі істер органының қызметкері оқ-дәрілерді ұрлаумен айналысқан

24 ақпан, 11:30

Алматы қаласы мен Алматы облысының 10 тұрғыны қылмыстық жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar.kz.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ішкі істер органдары қызметкерінің қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу фактісі анықталды. Лауазымды адам ҚР ІІМ теңгерімінде тұрған оқ-дәрілерді ұрлауды жүзеге асырған. Сонымен қатар, қару құрастыру бойынша жасырын шеберхананың әрекеті тоқтатылды.

2020 жылғы 27 қаңтарда Алматы қаласы, Алмалы аудандық сотының үкімімен сотталушылар әртүрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айыруға сотталды.

Еске салсақ, өткен жылдың маусым айында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті атыс қаруын жеткізудің заңсыз халықаралық арнасының жолын кескен болатын. Заңсыз айналымнан 3 «Калашников» автоматы, 3 граната атқыш, 2 жауынгерлік граната, 14 пистолет, 1700-ден астам патрон мен қарудың керек-жарақтары алынды.