ҚР Статистика комитетінде өткен жылы қазақстандықтардың қандай аурулармен жиі сырқаттанғаны анықталды.
"2019 жылдың қаңтар-желтоқсанында тіркелген жұқпалы аурулардың ішінде жоғарғы тыныс жолдарының өткір инфекциясы — 539 228 оқиға, функционалдық диарея — 12 382, тыныс органдарының туберкулезі — 8 438, желшешек — 41 841, тұмау — 2 213, қышыма — 669, қызылша — 576 және көкжөтел — 147. 2019 жылы сібір жарасы ауруының 12 жағдайы тіркелді (2018 жылы — 2 жағдай)", — делінген ведомствоның ресми сайтында.
Комитет мәліметінше, тіркелген аурулар саны бойынша өңірлер бөлінісінде ең көп таралған: Қызылорда облысында — функционалдық диарея (4 450 жағдай), Нұр-Сұлтанда — тұмау (232 жағдай) және анықталған басқа да ішек инфекциялары (1189 жағдай), Алматы облысында — тыныс алу органдарының туберкулезі (889 жағдай) және мерез (412 жағдай), Шығыс Қазақстан облысында — ротавирустық энтерит (187 жағдай), Маңғыстау облысында-педикулез (243 жағдай) анықталды.