"Камераға түсіп қалған": Алматыда 1,5 жасар баланы ұрып-соққан күтушінің әрекеті әшкере болды

20 қаңтар, 17:00

Алматыда бала күтуші 1,5 жасар сәбиді соққыға жыққан. Оның қатыгез әрекеті үйдегі бақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Elitar.kz.

Алматыдағы үйлердің бірінде орын алған жайт туралы "Немолчиkz" қорының Facebook парақшасында жарияланды.

Елдегі зомбылық пен қорлықтың құрбандарына араша болып жүрген қор жетекшілеріне сәбидің әкесі келген. Айтуынша, әйелі екеуі жұмыстан қолдары босамағандықтан, бала күтушінің қызметіне жүгінген. Бірақ көршілері олар жоқ кезде балалары көп жылайтынын айта бастаған. Сол себепті ерлі-зайыптылар үйге жасырын камера орнатқан. Камера қойылған күні-ақ күтуші сәбидің ата-анасы жұмысқа кеткенде оған қол көтереді.

"Ерлі-зайыптылар арыз жазғанын естіген әлгі азаматша олардан тығылып жүрген. Сондықтан баланың әкесі әйелді іздеп тауып, учаскелік инспекторды шақыртқан. Бала қатты қорқып қалған. Ауруханада тексерткен кезде оның бірнеше жерден жарақат алғаны анықталған. Бүлдіршін тіпті тамақ ішуден қалыпты", - деп жазылған желідегі жазбада.

Ақпаратта атап өтілгендей, осы фактіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттер») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Әкімшілік сот өтіп, судья істі қосымша тергеуге қайтарған. Бала күтуші Өзбекстан азаматшы екен. Сәбидің ата-анасы келіншек жазадан құтылып кете ме деген қорқынышы барын жеткізген.