Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұсынуымен ел тұрғындары төтенше жағдай кезінде ағылшын тілін онлайн сабақтары арқылы тегін үйрене алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Онлайн курсты біліктілігі жоғары маман – Кристина Яичникова жүргізеді. Маманның айтуынша, ол бұған дейін ағылшын тілін қашықтықтан үйретуден біраз тәжірибе жинап үлгерген.
«Менің басты ұстанымдарымның бірі – «Өзіңе ғана емес, өзгеге де жақсылық жасауды ұмытпау». Мен осыған дейін онлайн режимде сабақ беруден біраз тәжірибе жинадым. Карантин уақытында сол тәжірибемен бөлісудің сәті түсіп отыр. Сабақты онлайн режимінде жүргізу барысында ағылшын тілін аз уақыт ішінде меңгеру тәсілдерін де үйретуге тырысамын. Курста біз грамматика негіздерін қарастыратын боламыз. Ал жақсы нәтижелерге қол жеткізу мақсатында үй тапсырмалары беріліп, кейінгі сабақта қатысушылардың оны қалай орындағандығын тексереміз», – дейді Кристина Яичникова. Айта кетейік, аталмыш сабақтар аптасына бір рет әлеуметтік желідегі @ennnglish парақшасында және Youtube каналында тікелей эфирде жүргізілетін болады. Әр сабақтың ұзақтығы: 1 – 1,5 сағат. 2 айға созылатын тегін курстың алғашқы сабағы 1 сәуірге белгіленген.