Қасым-Жомарт Тоқаев АӘК алу кезінде алаяқтық жасағандарды жазалауды тапсырды

15 шілде, 13:42

Қазақстан Президенті атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу кезінде алаяқтық жасағандарды жазалауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған көмек көрсетуде ашықтық орнатуды тапсырды.

"Бұл атаулы әлеуметтік көмек аясында қалыптасқан жағдай. Мысалы, жалған ажырасу, жұмыстан босату, мүлікті басқаға жазу арқылы табыстарды төмендету, мал сою және т.б. Тиімсіз атқарылған жұмыс халықтың бір бөлігінде масылдық көңіл-күйдің өсуіне ықпал етті. Бұл біздің елеулі кемшілігіміз. Осыған байланысты Үкімет оған шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетудің нақты және ашық рәсімдерін белгілеуге тиіс", - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент АӘК бөлінуіне ерекше бақылауды ұйымдастыруды тапсырды.

"Алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері үшін қатаң жаза берілуі керек. Үкімет пен әкімдер мұндай фактілердің жолын кесіп, АӘК төлемдерін әкімшілендіруді тәртіпке келтіруі қажет. Көмек атаулы болуы керек", - деді Мемлекет басшысы.

Атаулы әлеуметтік көмек ақшалай түрде жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға беріледі. Биыл атаулы әлеуметтік көмек көлемі артты. АӘК өтініш қабылдау 2019 жылдың 1 сәуірінен басталды.