Швейцария Президенті Ули Маурера 21-22 қараша күндері Қазақстанға келеді деп жоспарлануда.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды. Баспасөз хатшы Швейцария Президенті елімізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы шақыруымен келетінін атап өтті.
"21-22 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына Швейцария Конфедерациясының Президенті – Қаржы министрі Ули Маурер ресми сапармен келеді. Швейцариялық делегацияның құрамында бизнес өкілдері де болады. 22 қарашада мемлекеттер басшылары «Ақорда» резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізеді деп жоспарланған. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективалары талқыланады», - делінген Берік Уәлидің жазбасында.