Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр BekAir ұшағының апатқа ұшырауы кезінде пилоттардың өзара әңгімесінің хронологиясы туралы жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әуе апаты орнынан борттық жазба құрылғысы табылды. Олар бүлінбеген. Комиссия шешімімен аталған мәліметтерді тіркеуші құрылғыдан тиісті ақпаратты алу үшін МАК-қа (мемлекетаралық авиациялық комитет) жолданды. МАК зертханасы оқиғаның хронологиясын қалпына келтірген", - деді Роман Скляр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
"7 сағат 20 минут 2 секундта ұшу басталған. 7 сағат 20 минут 41 секундта 140 торапты (узел knot) жобалық жылдамдығы бойынша экипаж алдыңғы шассиді көтере бастайды. 7 сағат 20 минут 45 секундта ұшақтың ұшу-қону жолағынан аспаптың бар жылдамдығымен (148 торапты - бұл максималды жылдамдық) көтерілді», - деді ол.
Жерден көтерілгеннен кейін ұшақ сол жаққа 5 градусқа, осыдан кейін оң жаққа 19 градусқа, қайта солға 15 градусқа теңселіп кеткен. Экипаж ұшу траекториясында әуе кемесін ұстап қалмақ болған. Теңселу салдарынан ұшу-қону жолағына әуе кемесінің шассиі мен сол жақ қанаты тиген. Қолдағы бар мәліметке сәйкес, екінші ұшқыш жерден көтерілгеннен соң 10 секундтан кейін қозғалтқыштардың жұмыс режимін азайтып, ұшуды тоқтатпақ болған. Алайда 4-5 секундтан кейін қозғалтқыштардың жұмыс режимі қайтадан 93-95 пайызға көбейтіліп, ұшу жалғасқан.
"Аталған жағдай ұшақ экипажаның әңгімесімен расталып отыр. 7 сағат 20 минут 53 секундта ұшақ оң жаққа ауа бастағанда әуе кемесінің командирі «не болды?» дейді. 7 сағат 20 минут 54 секундта екінші пилот «Не болғанын білмеймін? Стабилизатор, тоқтаймыз» деген. Осы тұста балағат сөз айтылады. Болжам бойынша, осы кезде екінші пилот басқару тетіктерін кіші газға ауыстырмақ болған. 7 сағат 20 минут 57 секундта командир екінші пилоттың әрекетіне тіл қатып, «керек емес, не істеп жатырсың?» деген. Болжам бойынша, осы кезде командир басқару тетіктерін ұшу режиміне ауыстырған. Бұл кезде оның «кеттік, кеттік» деген дауысы естіледі», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
7 сағат 21 минут 4 секундта командир «шассиді жина» деп пәрмен берген. Артынша, ұшақтың бірнеше рет ұшу-қону жолағына тиюі тіркелген. Атап айтқанда, ұшақтың арты 6 рет, шассидің негізгі тіреуіштері 4 рет, қанаты 1 рет тиген.
7 сағат 21 минут 15 секундта бес метрлік биіктікте шасси жинала бастаған. Осыдан кейін ұшақтың тұмсығы жерге тиіп, әуе кемесі ұшу-қону жолағынан тыс жерге сырғып кеткен.