Халықаралық іздеуде болған шымкенттік экс-шенеунікке айыппұл салынды

24 ақпан, 19:37

Шымкентте "Халықты жұмыспен қамту орталығы" мекемесінің бұрынғы басшысы Асылжан Жамалбековке сот үкімі шықты.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, А.Жамалбеков 2015 – 2017 жылдар аралығында халықты жұмыспен қамту орталығында директор қызметін атқарып жүріп, өз міндеттерін қызметіне ұқыпсыз қарауы салдарынан тиісінше орындамай, абайсызда мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық танытқан. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын бекіту туралы» Қаулысының талаптарын сақтамай, республикалық бюджеттен бөлінген трансферттік қаражаттардың мақсатты жұмсалуына тексеру мен бақылауды өз деңгейінде жүргізбеген. Салдарынан сотталған И.Т.Джунусалиева және басқа тұлғалар тарапынан жеке кәсіпкерлердің есеп шоттарына тиісті қаражаттардың негізсіз аударылуына жол берілген.

"Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 24.02.2020 жылғы үкімімен Жамалбеков Асылжан Шарипбекович ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 /үш/ жыл мерзімге мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, 2000 /екі мың/ айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 4538000 /төрт миллион бес жүз отыз сегіз мың/ теңге айыппұл жазасы тағайындалды" делінген қалалық соттың таратқан ақпаратында.
Сотталған А.Ш.Жамалбеков сот үкiмі заңды күшiне енген күннен бастап бiр ай ішінде айыппұлды төлеуге мiндеттелді.
Судья сотталушының жазасының түрі мен көлемін айқындай отырып, А.Жамалбековтың жасаған әрекеті абайсызда жасалған онша ауыр емес қылмысқа жататыны, оның жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайлардың жиынтығы – жасаған қылмысын мойындап, шын өкінуі, асырауында жасөспірім үш баласы болуы, ал ауырлататын мән жайлардың анықталмауы негізінде оған айыппұл жазасын тағайындауға негіз бар деп тапқан.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге салсақ, Асылжан Жамалбеков «мемлекеттік қызметті атқаруға өкілетті лауазымды тұлға бола тұра, қол астындағы қызметкерлерден ұйымдасқан топ құрып, мемлекет бюджетіне жалпы көлемі 430 миллион теңгеден астам залал келтірген деген күдікке ілінді. Кейін оған халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Ағымдағы жылдың қаңтарында экс-директор полицейлерге өз еркімен келді.