ХҚКО қызметкері Арыс тұрғындары құжаттарын өз салғырттығынан жоғалтып алғанын айтты

12 шілде, 09:20

Бұл туралы Арыс қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Айдар Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды Elitar.kz.

Орталық қызметкері Айдар Ысқақов жойқын жарылыс кезінде үйлері толық өртеніп кеткен тұрғындардың құжаттары тегін рәсімделетінін алға тартты. Ал төтенше жағдай орын алған сәтте құжаттарын алып, қауіпсіз аймаққа қашамын деп, түрлі себептермен қолындағысын жоғалтып алғандар өз қаржыларына құжаттарын рәсімдеуі тиіс.

«Әкімшілік тарапынан 27 үйдің толық өртеніп кеткені көрсетілген. Біз ондағы тұрғындардың барлығының жеке куәліктерін, төлқұжаттарын тегін жасап беріп жатырмыз. Ал жоғалтып алғандар адамдардың өзінің салғырттығынан болып тұр ғой. Дұрыс па?»,-деді ХҚКО қызметкері.

Демек маманның айтуынша, жарылыс кезінде амандығын тілеп бас сауғалап қашқан арыстықтар құжаттарын өз салғырттығынан жоғалтып алған.