Шымкентте жеке клиникада ем алуға келген полиция қызметкерінің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Үйленгеніне төрт жыл болған 30 жастағы азамат жұбайымен бірге сәби сүймек ниетте жекеменшік медициналық клиникада ем қабылдамақ болған. Екпе салу кезінде жағдайы нашарлап кеткен ер адам жедел жәрдем келгенше көз жұмған болатын. "Меру -Ис" клиникасында ем дом жүргізген дәрігер бұл факті бойынша айыпты деп танылған болатын. Бүгін Әл-Фараби аудандық соты дәрігерді ҚР ҚК-нің 317-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танып, екі жылға шартты жазаға кесті. Салғырттықтың салдарынан дәрігерлік міндетін адал атқармаған ақ халатты енді үш жылға медициналық қызмет көрсете алмайды.
"Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған. Кәмелетке толмаған бес баласы бар, бұрын сотты болмағандығы да жаза тағайындау барысында ескерілді",-деді судья Е.Оспанов.
Айта кетейік, марқұмның туыстары сотталушы дәрігерге кешірім беріп, сотталушы жәбірленуші тарапқа материалды және моральдық шығынды толық төлеген. Сот үкімімен экс-дәрігер енді жүз сағат қоғамдық еңбекке тартылып, пробациялық есепте қадағалауда болады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.