Түркістан облысы полицейлері жәбірленушінің көлігін айдап кеткен күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды ТО ПД баспасөз қызметі.
Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын түнгі мезгілде үйінің алдында тұрған көлігін белгісіз тұлға жасырын түрде айдап кеткенін хабарлайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 200-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Жәбірленушінің арызы бойынша, жедел іске кіріскен аудандық полицейлер жақын аймақтарды тінтіп, куәгерлерден жауап алды. Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде, бұл істі жәбірленушінің танысы, бұрында ұрлық жасап, сотты болған азамат істеді деген күмән туып, тәртіп сақшылары оның ізіне түседі. Көше бойындағы бейнебақылау арқылы ұрланған көліктің жүрген бағытын анықтайды. Алайда көлікті айдап кеткен азамат жарты жолда ұрланған көлікті тастап, өзі қашып кеткені бейнебақылауға түсіп қалған.
Күдіктіні ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қажетті деген барлық шараларды жасап, көлікті айдап кеткен азаматты Жетісай қаласынан, тығылып жүрген жерінен табады. Ұсталған азамат бұрын ұрлық жасап сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Табылған көлік заңды иесіне қайтарылды.