Үкіметтік комиссия бас сауғалап қашқан Қордай тұрғындарын үйлеріне оралуға шақырды

10 ақпан, 09:40

Қордай, Масанчи, Ауқатты, Сортөбе елдімекендеріндегі жағдаймен танысып, жаппай төбелес салдарынан қаза болған отбасыларға көңіл айтқан Үкіметтік комиссия мүшелері ауруханада жатқан азаматтардың жағдайын біліп, жергілікті тұрғындармен, аудан ақсақалдарымен, ҚХА мүшелерімен, этно-мәдени бірлестік басшыларымен кездесулер өткізді.

Кеше комиссия мүшелері қазақ-қырғыз шекара пункттеріндегі ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, тұрғындарды үйлеріне қайтып оралуға шақырды. Айта кетейік, Үкіметтік комиссия құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев та бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Жансейіт Түймебаев орын алған оқиғаның тек тұрмыстық сипаттағы кикілжің екенін тағы да атап өтті.

«Өңірдегі тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған Үкімет комиссиясы оқиғаның салдарын жою бойынша барлық қажетті шараларды атқаруда. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Кінәлілер, жеке азаматтар, әсіресе кикілжіңді тудырғандар мен арандатушылар заңға сәйкес қатаң жазаланатын болады.

Ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім еліміз үшін ең қымбат қазына екенін ұмытпауымыз керек»,-деді ол.