​Корей елінде ота жасатқан кішкентай Нұркен елге оралды

29 қараша, 14:13

Түркістан облысының 7 айлық кішкене тұрғыны Нұркен Елшібек Оңтүстік Кореяда жасалған отадан кейін аман-есен елге оралды, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Жеті айлық Нұркен Елшібекке іштен туылған жоғарғы еріннің бітпеуі “қоян жырық” диагнозы қойылған. Корей елінің ең үздік клиникаларының бірінде Түркістан облысының кішкентай тұрғынына ауыр операция тегін жасалған болатын. Нұркен Елшібекке отаны Пучхон қаласында орналасқан «Сун-Чхун-Хьян» клиникасының ең мықты пластикалық хирургы, профессор Ким Енг Пэ жасады. Жекеменшік клиника науқас баланың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды өз мойнына алған. Оңтүстік Кореяда мұндай операцияның құны 10 мың АҚШ долларынан басталады.

Ота сәтті өтіп, Нұркен Елшібек анасымен бүгін таңертең сағат 9:00-де елге оралды.

Естеріңізге салайық, қайырымдылық шарасы СунЧонХян клиникасы (Оңтүстік Корея) басшылығы мен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асқан болатын.