Кішкентай тұрғынға ауыр операция Оңтүстік Корея елінің ең үздік клиникаларының бірінде жасалған, деп хабарлайды Elitar.kz.
Төле би ауданы Көксәйек ауылының 7 айлық тұрғыны Нұркен Елшібек қазір анасымен Пучхон қаласында орналасқан «Сун-Чхун-Хьян» (SCH Soon Chun Hyang University Bucheon Hospital) клиникасында. Кішкентай пациентке отаны аурухананың ең мықты пластикалық хирургы, профессор Ким Енг Пэ жасады. Жекеменшік клиника науқас баланың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды өз мойнына алған. Қайырымдылық шарасы СунЧонХян клиникасы (Оңтүстік Корея) басшылығы мен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асты.

Науқас сәбиге жоғарғы еріннің бітпеуі ( хейлосхизис), жақ-бет аймағының туа біткен даму ақауы, яғни, бет дамуының ауыр кемістігі - “қоян жырық” диагнозы қойылған. Сәбидің анасы Нұрила Исаева баласына операцияны Оңтүстік Кореяда жасауды отбасы тіпті армандай алмағанын айтады. Мұндай дертпен туылған Нұркенге отаны өзге елде тегін жасатуға мүмкіндік алғанын Алланың сыйы деп қабылдаған.

- Ұлым туғанда жақындарым бетіме баспады. Біз бұл жағдайы Алланың сыны деп қабылдадық. Ауыр бет ақауымен өмір сүруге үйренуге тура келді. Уақыт өте бұл баладан гөрі менің жаныма қатты батты. Мен ұлымды кеудеме қысып, жиі кешірім сұрайтын едім. Біздің тұқымымызда мұндай кесел болмаған. Аяғым ауыр кезде қатты тұмауратып, ұзақ емделуге тура келді. Кейін дәрігерлер баламның кеселіне осы әсер етуі мүмкін деп болжады. Оның дем алуы ауырлап, емгенде сүттің көбі далаға ағып, шашалып қала береді. Іші кеуіп кетеді. Отырғызып еміп, түнімен тұншығып қалмасын деп қолда ұстайтынбыз. Елді шошытып алмайық деп аузының жырығын көрсетпеуге тырыстық. Көрген жұрт тітіркеніп, қашқақтайтын" деген кішкентай сәбидің анасы тегін ота туралы естігенде алғашында атасы үзілді-кесілді қарсы болғанын айтты. Дегенмен отбасының ортақ шешімімен олар жолға дайындалады.
"Біз өте қарапайым отбасымыз. Мен мектепте сабақ берем, күйеуім қарапайым жұмысшы. Мұндай мүмкіндіктің бола бермейтінін түсініп, ұлымның бағы бар екен деп жолға дайындалдық. Бізбен бірге Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының маманы баратынын естіп, көңіліміз орнына түсті. Бұл жерде бізді өте жылы қабылдады. Жанымызда ем алып жатқан әйелдер де баламды бөтен демеді. Операция бес сағатқа созылды. Ұлымды құшағыма алғанда ғана барлық қиындық артта қалғандай сезіндім. Баламыздың тағдырына уайымдап, қол ұшын созған әрбір жанға алғысымыз шексіз. Мұндай мүмкіндік берген Аллаға мың шүкір. Енді өміріміз өзгеріп, жаңаша өмір сүретін боламыз",-деді Нұркеннің анасы Нұрила Исаева.
Оңтүстік Кореяда мұндай операцияның құны 10 мың АҚШ долларынан басталады және оны пластикалық хирургтар жүргізеді. Өңірімізде мұндай отаны балалар жақ - бет хирургтары жасайды.
"Сун-Чхун-Хьян" (SCH Soon Chun Hyang University Bucheon Hospital) Университеті жанындағы Пучхон госпиталінің ең мықты пластикалық хирургі, профессор Ким Енг Пэнің айтуынша, әлемде осындай аурумен өмір бойы өмір сүретін адамдар бар. Түркістан облысының кішкентай тұрғынына сәтті операция өткізгеннен кейін "Сун-Чхун-Хьян" Университеті жанындағы Пучхон госпиталі меңгерушісінің орынбасары (SCH Soon Chun Hyang University Bucheon Hospital), профессор Мин Генг Дэ науқастың жағдайын сұрап келіп, сыйлық табыс етті.
Тек өткен жылы Түркістан облысында 78 балаға осындай ота жасалды. Осы жылы олардың саны - 108-ге жеткен. Мемлекеттік медициналық мекемелерде операция тегін жүргізіледі.
Айта кетерлігі, Түркістан облысы мен Оңтүстік Кореяның "Сун-Чхун-Хьян" клиникасы арасындағы екіжақты келіссөз нәтижесінде күні бүгінге дейін өңірлік денсаулық саласының 50-ге жуық дәрігері, медициналық қызметкері, анастезиологтары, хирургтар мен гинекологтары ақысыз бір айлық оқу курсына барып қайтты.
ФОТО: Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі