Коронавирус індетінің өршуінен карантин жарияланған Жапониядағы Diamond Princess лайнеріндегі төрт қазақстандықтың елге қашан және қалай жеткізілетіні белгілі болды. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мәжілісте тілшілер сауалына жауап беру кезінде айтты.
Министрдің сөзінше, Қазақстан азаматтары ұшақпен жеткізіледі. Қазіргі таңда отандастарымыздың сынама сараптама нәтижелері бойынша олар қауіпті індетті жұқтырмаған. Енді тағы қосымша сараптама жасалынады. Тест сынағында вирус анықталмаса, олар таяу күндері елге оралады. Егер коронавирусты жұқтырған болса, емді Жапонияда қабылдайтын болады.
Еске салсақ, коронавирус дерті өршіген соң Жапониядағы круиз лайнерінде 14 күндік карантин жарияланды. Бүгін карантин мерзімі аяқталды. Бұған дейін лайнерде қазақстандық екі әйел мен екі баланың болғаны хабарланды.