Полиция департаментінің мәліметінше, ол санитариялық қызмет өкілдерінің жұмысына кедергі келтіріп отыр. Сол себепті қылмыстық іс қозғалған.
"Коронавирусқа шалдыққан науқастардың бірі, Б. есімді азаматша қауіпті індетті жұқтырған соң өзімен байланыста болған адамдар туралы ақпарат беруден бас тартып, санитариялық қызметтің жұмысына кедергі келтіріп отыр. Сол себепті ол Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша жауапқа тартылды",-делінген Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға коронавирустың алдын алу және анықтау бойынша жұмыс жүргізу кезінде сала мамандарына түсіністікпен қарауды сұрайды.
Ерекше атап өтерлігі, департамент хабарламасы ведомствоның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына жария етілді. Оны оқыған қолданушылар вирусты жұқтырған азаматшаның аты-жөнін көрсетуді талап етті. Сол жағдайда науқаспен кімнің байланыста болғанын анықтау оңайырақ, өйткені әркім өз денсаулығы үшін медициналық тексеруден өтуге асығады.