Әлемнің ең қарт тұрғыны қайтыс болды

30 қазан, 15:56

Әлемдегі ең қарт кейуана, этникалық қазақ Танзиля Бисембаева 125 жасқа таяп қалған шағында дүниеден өтті деп хабарлайды "Российская газета" басылымына сілтеме жасап Elitar.kz.

Қарт әжей 125 жас толуына жарты жыл қалғанда қайтыс болды.

Марқұмның денесі туған жері Астрахань облысының Красноярск ауданына қарасты Алча ауылында жерленді.

Этникалық қазақ Танзиля Бисембаева 1896 жылдың 14 наурызында дүниеге келген.

Кейуананың бірінші күйеуі Ұлы Отан соғысынан оралмапты, ал олардың ортақ ұлы сәби кезінде шетінеп кеткен. Кейінен ол екінші рет тұрмысқа шығып 53, 54 және 57 жасында үш ұл дүниеге әкелген. Үш ұлды өсірген әжей олардан 10 немере, 25 шөбере мен 2 шөпшек сүйген.

Ерекша атап өтерлігі, қарт тұрғын жүз жасына дейін дәрігерлерге мүлдем қаралмаған. Тіпті балаларын да үйде өзі босаныпты.

Балалары мен немелерінің айтуынша, Танзиля Бисембаева елде болып жатқан жаңылықтардан үнемі хабардар болып, үйде қазақша ән шырқап келген екен.

Қарт әжей 2016 жылдан бастап Ресейдің рекордтар кітабында ғаламшардың ең қарт тұрғыны ретінде тіркелген.