Атышулы «бьюти-блогер» Шырын Наршаева әлеуметтік желіге тағы бір видео үндеуін жүктеді. Бейнежазбада бойжеткен күллі қазақ халқынан бүгінге дейінгі әбестіктері үшін кешірім сұраған кейіп танытып, соңынан мысқылдай ортаңғы саусағымен «ерсі қылық» көрсеткен. Бір қызығы, ол бұл бейнесінде де қазақтың ұлттық киімін киіпті. Тіпті басындағы үкілі сәукеле екенін көруге болады.
Бұл бейнежазба халықтың ызасын тудырды. Көрген бойда желі қолданушылары сол мезет бөлісіп, түрлі парақшаларға жариялай бастады. Көпшілік өрімдей қыздың шекарадан шыққанын жарыса жазып жатыр. Бойжеткен қазақ қыздарының ар-намысын аяққа таптады деп кінәлап, заң алдында жауап беруін талап еткендері де көп. Мәселен, белгілі журналист Бибігүл Дәулетбек өзінің INSTAGRAM парақшасына бұл бейненің толық нұсқасын жүктеп, құзырлы орган өкілдерінен көмек сұрады.
«МЫНА МАСҚАРАНЫ ТОҚТАТАЙЫҚ ХАЛАЙЫҚ!!! Қазақстан Ішкі Істер бөлімінің Министрі Қалмұқанбет Қасымов, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қожамжаров Қайрат:
Сіздерден мына сұмдықты тоқтатуларыңызды сұраймын! Осы қыздың Қазағымның сәукелесімен елімізді қорлап тыржалаңаш шыққанын кеше көріп едік (мен ұялып ол суретті шығармадым), енді бүгін мына бейнежазбасымен бүкіл Халықты жер етуде. Бұл – қазақтың қызы емес. Әдейі ұлтараздықты тудырып отырған біреу. Шұғыл түрде жаза қолдануларыңызды талап етемін! Ұлттық құндылығымызды қаралағаны үшін қатаң заңмен жазаланып, елден қуылсын!», - деп жазды Бибігүл Дәулетбек.
Журналистің жазбасын оқыған жұртшылық та қарап қалмаған. Шырын бұл «қадамы» арқылы бар қазақтың қыздарын масқаралағанын айтып, дереу нала-наразылығын білдіре, қарсы пікірлерін қарша боратқан. Арасында эстрада жұлдыздары да бар.
«Мына қыз қайдан шыққан, қай жақтікі өзі? Жын кіріп кеткен ғой мынаған. Жаза қолдану керек мынаған», - деп ашынды белгілі әнші Асхат Тарғын. «Қарға байлап қою керек қой таңға дейін. Сәукелені киюдің орнына киім кию керек екенін сол кезде түсінеді...» , «Қор болдық-ау әбден!», «Арсыз! Оңбаған!», «Масқара!!! Қазағымның үкілеп өсірген қызын алтын ұясына ұшырарда киетін қасиетті сәукелесін қорлады-ау... Қадірлеген әр заттың киесі бар, мына қызды кие атады бір күні», «Қосыламын, бұлай кете берсе, бұны көріп отырған ұл-қыздарымыз болашақта не істеймейді?!» деп жазба қалдырды ашуға булыққан жұртшылық. Мұндай мазмұндағы пікірлердің саны сәт санап артып жатыр.
Ендігі жерде басы дауға қалған аруға қандай шара көрілетіні немесе оның қандай жазаға тартылатыны белгісіз. Ал белгілісі, өзін «бюти-блогерге» теңейтін бойжеткеннің жасы – 18-де. Және Шырын Наршаева Тараз қаласының тумасы.