Түркістандағы құрылыс тәулік бойы тынбауы керек. Үкімет басшысы Асқар Маминнің 26 сәуірде Түркістанға жасаған сапарында тапсырғаны осы. Содан бері үш апта өтті. Премьер-министрдің тапсырмасы қалай орындалып жатыр? ELITAR.KZ тілшісі қаладағы түнгі құрылыс жұмыстарыман танысып қайтты.
Қалаға кіреберіс тұстағы әкімшілік іскерлік орталығындағы құрылыс қызып жатыр. Мұндағылар Үкімет басшысы тапсырма берерден бұрын тәулік бойына тынбай жұмыс істеп келе жатқандарын айтады. Солардың бірі – түркістандық Райымбек Қамбарбек. Төрт жылдық тәжірибесі бар құрылысшы. 22 жасар жігіт тек түнгі ауысымға жұмысқа шығады.
Ал рухани мәдени орталықтағы қарқынды құрылыс жүріп жатқан нысан - Шығыс Қазақстан облысының тартуы болып отыр. Жарықтандырылған музыкалық фонтанның құрылысы тәулік бойына тынған емес. Содан болса керек, құрылысшылар нысанды мерзімінен бұрын пайдалануға бермек. Мұндағы әрбір құрылысшы тәулігіне он екі сағат еңбек етеді.
Маңғыстаулықтардың Түркістанға тартуы мың орынды амфитеатр. Құрылыс жұмысы кесте бойынша жүріп жатыр. Жоспарға сай, биылдың қазанында аяқталуы керек. Тек құрылысшыларға ыстық күн райы кедергі болып жатыр. Салдарынан күндіз көп жұмыс тоқтап, түнгі уақытта қызады.
Амфитеатр уақытылы пайдалануға беріледі дегенмен, автотұрақ орны жоқ. Мердігер компанияның мәлімдеуінше, бұл үшін тиісті жер әлі қарастырылмаған.
Сонымен, Түркістанда Премьер министрдің тапсырмасы орындалып жатыр деуге негіз бар. Тек қалаға кіреберістегі орталық көше Бекзат Саттарханов даңғылындағы түнгі құрылысты көре алмадық. Алып техникалар жол бойында қаз қатар тізіліп тұр.
Асқар Мамин апта соңында Түркістанға тағы да жұмыс сапарымен келеді. Алдын ала мәлімет бойынша Үкімет басшысы құрылыс нысандарын қас қарайып, кеш батқанда араламақ екен. Саттарханов даңғылындағы құрылыс бұл кезде тоқтай ма, жоқ па мұны сол кезде білеміз.