Мамыр айында елімізде ауа райы күрт жылынады

03 мамыр, 13:00

Қазақстанның кейбір аудандарында ауа температурасы 6 мамырдан бастап 32 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.

"Қазгидромет" РМК жасаған болжамға сәйкес, Қазақстанға келген антициклон жауын-шашынның тоқтауына ғана емес, республиканың көптеген облыстарында күннің жылынуына әсер етті.

"Алдағы үш тәулік ішінде солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік облыстарда антициклон ықпалымен ауа райы жауын-шашынсыз болады және ауа температурасы күрт көтеріледі, 6 мамыр күні күндізгі температура кей жерлерде 23-28 градусқа дейін, оңтүстікте және орталықта 27-32 градусқа дейін көтеріледі", - деп хабарлады қазгидромет.

Синоптиктердің мәліметінше, оңтүстік-шығыста алдағы тәулікте суық атмосфералық фронттың әсері сақталады, сондықтан кей жерлерде найзағай ойнап, жел күшейеді. Жауын-шашын тоқтағаннан кейін, мұнда да ауа тез қызады. Ал батыс облыстарда атмосфералық фронттардың орын ауыстыруымен күн күркіреп, жаңбыр жауады деп болжануда.