Жуырда бірқатар БАҚ беттерінде шымкенттік тәртіп сақшыларының 30 дана қызметтік планшетті ломбардқа өткізіп жібергені туралы ақпарат тарады. Алайда қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Шымкент қалалық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бұрынғы қызметкері Ф.Шәріпбайұлының аталған іске (планшеттердің ломбардқа өткізілуі:авт) ешқандай қатысы жоқ. Планшеттердің ломбардқа өткізілуі туралы дерек шындыққа сәйкес емес" делінген хабарламада.
Қызметтік мүлікті пайдаланудағы өрескелдік үшін басшылық тарапынан бірқатар қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, өткен жылдың қыркүйек айында департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасындағылар қызметтік планшеттердің ломбардқа өткізілуі бойынша бірнеше факті бойынша істі қарады. Бірақ департаментке материалды шығын келмегені анықталды. Себебі тексеру кезінде құрылғылар тәртіп сақшыларының пайдалануында болған.