Маңғыстауда жол апатына түскен көлік жүргізуші полицейдің басынан таспен ұрды

18 қараша, 10:05

Маңғыстауда көлік жүргізуші полиция қызметкерінің басынан таспен ұрып жіберді, деп хабарлайды Лада.кз сайтына сілтеме жасап Elitat.kz.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 15 қараша күні сағат 21-30-дар шамасында болған. Ақтау-Шетпе-Бейнеу трассасының бойымен келе жатқан «Toyota Camry» жүргізушісі көлікке ие бола алмай, оны аударып алған. Осы уақытта күндізгі кезекшілігін өткізіп келе жатқан полиция лейтенанты жол-көлік оқиғасын көрген соң, зардап шеккендерге көмектеспек болған. «Құқық қорғау органының қызметкеріне ешқандай себепсіз жол апатына түскен көліктің жүргізушісі өте дөрекі түрде тап беріп, оны басынан таспен ұрған. Полицей Шетпе ауданының орталық ауруханасына қаралуға мәжбүр болды. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі де медицина мамандарының көмегіне жүгінді. Жол апатының салдарынан ол жабық бассүйек жарақатын алды. Сондай-ақ оның миы шайқалып, кеуде клеткаларына зақым келген»,-деп хабарлаған департамент баспасөз қызметі.

Тексеру нәтижесі бойынша жүргізуші алкогольдік ішімдік пен каннабинойд препараттарын қабылдаған болып шықты. Ал полиция қызметкерінен ештеңе анықталмады. Оқиға сотқа дейінгі тергеу реестріне ҚР Қылмыстық Кодексінің 380-бабы, 1-бөлігі негізінде тіркелді. Заң бұзған жүргізушіден ешқайда шықпау туралы қолхат алынды.