Маңғыстаулық шенеунік параға кондиционер алған болып шықты

15 қазан, 16:03

​Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарына пара алды деген айып тағылып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінінің мәліметінше, қазір сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Күдікті шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы бола отырып, аталған ММ-ның бөлім басшысынан жұмыс бойынша жалпы көрсеткен көмегі үшін кондиционер түрінде пара алды деген күдікке ілінді",- делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, бұған дейін аталған мекеменің шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы облыс аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік азаматтарға жұмыс визаларын кедергісіз бергені және ұзартқаны үшін бірнеше рет шетелдік компаниялардың өкілдерінен 500-ден 1000 АҚШ долларына дейінгі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінген болатын. Ол бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.