"Тапанша тақап өлтіремін деп қорқытты": Өгей шешеден таяқ жеген қыздардың туған анасы өз шындығын айтты

18 сәуір, 16:03

Бұл туралы видео сұхбатты Фейсбуктегі тікелей эфирде қоғам белсендісі Айгүл Орынбек жариялады.

«Менің есімім Жұлдыз. 2002 жылы тұрмыс құрдық, бәрі жақсы болды. 3 қыз дүниеге келді. Қиындықтар 2005 жылы басталды. Күйеуім жұмыс істемегеннен кейін, дінге кіріп кетті. Сосын мен жоқшылықтан құтылу үшін жұмысқа шығуға мәжбүр болдым. Сосын ол мені жүргішсің деп айыптайтын болды. Маған боқтық сөздер айтатын. Жанжал шығарып, соққыға жығатын. Мені де, қыздарды да ұрып-соғатын. Жұмыстан үйге келсем еденде қан жатыр. Кішкентай қызымды әкесі мұрнынан ұрғанын үлкен қызым айтты. Неге ұрдың десем, бұзықтық жасады дейтін. Әр жұмада үйге сақалдылар жиналып, бізді қыздарыммен бөлек бөлмеге қамап қоятын. Ол кезде пәтер жалдап тұрдық»,-деді видеода өзін қыздардың анасымын деп таныстырған келіншек.

Қыздарыңызды неге тастап кеттіңіз деген сұраққа:

"Мен қыздарды тастап кеткен жоқпын. Мені мәжбүрледі, үйден қуып шықты. Қоқан-лоққы жасап қорқытатын. Басыма тапанша тақап өлтірем деді. Қыздарымды алып қалды. Қыздарды аламын дегенімде бауырларыңды, туыстарыңды құртамын деп қорқытты... Қыздарға жолайтын болсаң, жердің астынан болса да тауып көзіңді құртамын" деп жауап берді үш қыздың анасы.


Қорлық көрген оқушылардың дене жарақаты бейнеленген суреттерді қыздардың жеңгесі түсіріп ғаламторға шығарған.

Естегіңізге салайық, осы аптада желіде өгей шешесінен зәбір көрген мектеп жасындағы қыздар туралы ақпарат тарап кеткен болатын.

3 қыз психологтардың бақылауында. Оларға қорлық көрсетіп келді деген күікпен өгей аналары қамауға алынды.