«Мүгедектікке шығарып беремін»: Түркістан облысында бірнеше рет алаяқтық жасаған азамат ісі тоқтатылды

28 мамыр, 18:30

Бұл туралы Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу барысында анықталғаны, күдікті Мақтаралда жергілікті тұрғынның үйіне қонаққа барып, жәбірленушінің ұлы орталық аурухананың есебінде тұратынын біліп, сенімдеріне кірген. Содан мүгедектікке шығарып беремін деп құжаттарымен бірге 140 000 теңге ақшасын алып, бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен иемдену, яғни, алаяқтық жасаған.

Сонымен қатар, ол алаяқтық әрекетін одан ары жалғастырып, келесі жәбірленушіден 130 000 теңге ақшасын алып, әдеттегідей мүгедектік зейнетақы алатын етіп жасап беремін деп алдайды. Оған қоса, Өзбекстан Республикасының азаматшасы, бүгінде уақытша Мақтаралда тұрып жатқан әйелдің баласын да мүгедектікке шығарып беретінін айтып, сеніміне кіріп, 170 000 теңгесін жымқырады.

Аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Аудандық полицейлердің қырағылығының арқасында жоғарыдағы 3 бірдей жәбірленушілердің арызына орай шұғыл түрде іздестіру шаралары жасалды. Жедел іздестірудің нәтижесінде бір апта көлемінде күдікті ұсталды. Алайда алаяқтықпен айналысқан азамат 3 жәбірленушіге келтірген шығын көлемін өтеп, арызданушылардың кешіруіне байланысты іс тоқтатылған.