Министр плакат ұстаған белсенділердің неге ұсталғанын түсіндірді

22 сәуір, 11:08

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы марафонында плакат ұстаған белсенділердің неге жазаланғанын түсіндірді. Шенеунік "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген плакат іс-шараға кедергі келтіргенін мәлімдеді. Ал Алматы полициясы марафоны барысында кез-келген келісілмеген іс-әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп санайды. Белсенділер әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488 – бабының 3-бөлігінде (Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) көзделген ең көп жаза бойынша -15 тәулік мерзімге қамауға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, демалыс күндері Алматы марафонында күтпеген оқиға орын алды. Марафон барысында белсенді жастар Әсия Тулесова мен Бейбарыс Толымбеков "От правды не убежишь" деген жазуы бар плакатты ұстап тұрды. Төлесованың айтуынша, акцияның мәні алдағы президенттік сайлауға назар аударту болды. Нәтижесінде құзырлы орган жастардың өзіне назар аударып, 15 тәулікке қамауға алынды.