Бұл туралы ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап беру кезінде айтты.
«Ең алдымен Ішкі істер министрлігі де, Серік Күдебаевтың ұлы жұмыс істеген прокуратура да тергеу амалдарын жүргізген жоқ. Тергеуді үшінші орган – экономикалық тергеу қызметі. Министрлік тарапынан да, прокуратура тарапынан да ешқандай қысым болған жоқ. Аталған орган бұл шешімді өзі қабылдады. Ал санкцияны барлық уақытта да тек қана сот береді», - деді министр.
Естеріңізге сала кетсек, тамыз айының соңында Алматы қаласына қарасты Алатау ауданы прокурорының орынбасары, Алматы қалалық полиция департаменті басшысы Серік Күдебаевтың ұлы көз жұмды. Ол жол апатына түскен болатын. Оған шұғыл түрде Алматыда ота жасалды. Кейін емді әрмен қарай жалғастыру үшін Нұрсұлтан Күдебаев Германияға ауыстырылды. Алайда ондағы ақ халаттылар ем алушының өміріне араша түсе алмады.
Тергеу сотының қаулысымен «Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша Алматыдағы №4 мемлекеттік клиникалық аурухананың анестезиологы Асқар Тұңғышбаев және клиниканың бас дәрігері Қанат Тезекбаев екі айға қамауға алынды. Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев қызметінен кетті. Кейінірек басқарма басшысының мемлекеттік басқару саласындағы оқуына байланысты жұмыстан кеткені белгілі болды.
25 қыркүйектте ғаламторда Қанат Тезекбаевтың әйелінің Мемлекет басшысына жолдаған үндеуі пайда болды. Онда Нұрсұлтан Күдебаевтың өліміне күйеуін кінәлап жатқандар туралы айтылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев істің заңды түрде тергелуін тапсырды.
Кейінірек қамауға алынған Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаевқа қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу шарасына өзгертілді.