Түркістандық дәрігерлер өмірі қыл үстінде тұрған аяғы ауыр келіншекті аман алып қалды

29 қаңтар, 14:00

​Түркістан облысының дәрігерлері ауыр жағдайдағы жүкті әйел мен оның сәбиінің өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Осыдан бірнеше күн бұрын Шардара ауданының тұрғыны, 1990 жылы туылған Жансая Дүйсенова жедел жәрдем арқылы аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Жергілікті дәрігерлер әйелден жедел деструктивті аппендицитті анықтаған. Алайда соқыр ішегі жарылып кеткен аяғы ауыр әйел ауыр халде санавиация желісі бойынша тікұшақпен облыстық клиникалық ауруханаға жөнелтілді.

Ауруы асқынған ананың жатыры мен ішектері іріңдеп кеткен. Әдетте мұндай жағдайларда дәрігерлердің алдында алдымен ана өмірін аман алып қалу мәселесі тұрады. Ана өміріне төнген үлкен қауіпке қарамастан, сәби аман-есен дүниеге келді. Ананың жатырына да қауіп төнбеді. Дәрігерлер баланы құтқару үшін кесар тілігін жасауға тура келген.

“Санавиация жолымен ауыр халде жеткізілген науқасқа сирек кездесетін отаның ауыр түрі жасалды. Жүкті әйел үшін кез келген ілеспе патология өмірге қауіпті. Бұл жағдайда әйел ауыр хирургиялық патологиямен, перитонитпен жеткізілді. Бір мезетте бірнеше операцияның ауыр түрі жасалған науқастың беті бері қарап, жасақтау бөлімінен ауыстырылды”, - деді облыстық клиникалық аурухананың хирургия жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Елдос Сұлтанов.

Бірнеше сағат бойы дәрігерлер инфекцияның көптеген ошағын жойды. Сәби 2 келі 800 грамм салмақпен өмірге келді.
“Үйде жүре бергенмін. Ішім қатты ауырды. Айтолғақ деп ойлап, мән бермеппін. Кейін тұра алмай қалдым, құса бастадым. Дәрігерлер болмағанда аман қалуым екіталай еді. Қызымның аман қалғанына қуандым. Осы мүмкіндік үшін барлық дәрігерлерге шексіз алғысымды білдіремін”,-дейді Жансая Дүйсенова.