Мәжіліс отырысына жасы 65-тен асқан депутаттар қатыспайтын болды

26 наурыз, 11:00

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы жаңа форматта өтіп жатыр. Депутаттардың кейбірі отырысқа қатыспады, деп хабарлайды Elitar.kz.

«Біздің кейбір әріптестеріміз қатысып отырған жоқ. Бірақ бұған алаңдаудың қажеті жоқ, олардың барлығы аман-есен. Кейбір әріптестеріміздің жасы 65-тен асқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауына сәйкес, оларға жалпы отырысқа қатыспау туралы кеңес бердік. Енді жалпы отырыстарға әрбір заң жобасы бойынша тек депутаттар мен негізгі баяндамашылар қатысады. Бұл өз кезегінде залда отырғандарды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының санитарлық нормаларына сай орналастыруға мүмкіндік берді», - деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Еске салсақ, ағымдағы жылдың 18 наурызында Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин Мәжіліс жұмысы жаңа форматқа көшетінін мәлімдеді. Оған себеп - коронавирус пандемиясы. Атап айтқанда, депутаттар мәжіліс үйіне жалпы отырыс күндерінде және заң жобалары бойынша комитет пен жұмыс топтарының отырыстарына ғана келетін болды. Ал қалған күндері депутаттар қашықтан жұмыс істейді.