Арыс тұрғындарына көмек ретінде 3 миллиард теңге бөлінді

15 шілде, 12:28

Арыс тұрғындарына көмек -3 миллиард теңгені құрайды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, төлем ҚР Үкіметі бекіткен тізім бойынша жүргізіледі.

"Төлем Үкімет бекіткен тізім бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, Арыс қаласы бойынша – 44 мың 994 адам, Ақдала ауылдық округі бойынша – 4 мың 324 адам, Қожатоғай ауылдық округі бойынша – 4 мың 232 адам, Дермене ауылдық округі бойынша – 2 мың 52 адам. Барлығы, бірінші кезекте, 55 мың 602 тұрғынға 5,6 млрд теңге (100 мың теңгеден) төлеу жоспарланған. Тұрғындарға бір жолғы көмек төлеу үшін ҚР Үкіметінің резервінен 3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге және арнайы құрылған "Түркістан" әлеуметтік қорына түскен қаражаттан 1,6 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде", – делінген хабарламада.

Құжаттарды қысқа мерзімде жинау үшін Арыс қаласының 17 секторына бекітілген мамандар және облыс аудандары мен қалалары әкімдіктерінің қызметкерлері тартылды. Олар 2019 жылғы 3 шілдеден бастап төлем алуға өтініш жинайды.