Кәмелет жасына толмаған қызды сатпақ болған Шымкент тұрғыны ұсталды

16 сәуір, 12:20

13 сәуір күні Түркістан облыстық Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасына әйел азаматы хабарласып, кәмелет жасына толмаған қыздың жыныстық қызмет көрсету үшін сатылғалы отырғанын айтқан.

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабының 2-бөлігі (жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы қонақ үйлердің бірінде кәмелетке толмаған қызды сату кезінде Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Кәмелет жасына толмаған қыз Шымкенттегі оқу орындардың бірінің студенті болып шықты. Полиция қызметкерлері күдіктіден айғақты зат ретінде миллион теңге тәркілеп алды. Тергеу барысында күдіктінің бұрын осы жас қызды бірнеше рет жыныстық қызмет көрсету үшін ұсынғанын анықтады. Жеңгетайлық келіссөздерді телефон арқылы жүргізіп, клиенттерге мессенджермен кәмелетке толмаған қыздың суретін көрсетіп отырған. Оны пәк, таза деп сылтауратып, клиенттерден ірі көлемде ақша сұрап, келісуден кейін кездесуді ұйымдастырып келген.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.