"Хан шатыр" СОО-дағы қыз баланың өліміне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды

04 маусым, 10:45

Брифинг барысында қалалық білім басқармасының орынбасары Дулат Жекебаев "Хан шатыр" сауда орталығындағы қыздың өліміне қатысты түсініктеме берді. Аквапаркта бала ата-анасымен болған екен.

""Хан Шатыр" бассейнінде балалар ата-аналармен бірге шомылған. Мектеп әкімшілігі мен нұсқаушылар тарапынан барлық шаралар қабылданды. Нақты қорытынды ақпаратты тергеу іс — шараларынан кейін ғана бере аламыз", - деді Дулат Жекебаев әкімдіктегі брифингте.

Оқушы қыздың № 10 орта мектептің мектеп жанындағы лагерінде демалғаны туралы ақпарат расталды.

"Лагерьге жыл сайын ата-аналардың өтініші бойынша оқушылар қатысты. Мектеп тарапынан 24 еріп жүруші болды, сондай-ақ "Хан шатырдан" нұсқаушы-құтқарушылар болды. Балалар саны 200-ге жуық. Мектеп өкілдерімен бірге ата-аналар да болды. Тек құзырлы органдардың ресми қорытындысы бойынша, біреудің кінәсі дәлелденсе, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қолданылатын болады. Мектеп әкімшілігі ата-аналармен байланысқа шықты, материалдық және моральдық көмек көрсетіледі. Бұл көп балалы отбасы. Мектеп жанындағы лагерь өз жұмысын жалғастырады", — деді Дулат Жекебаев.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға "Хан шатыр" СОО-да болған. "SkyBeach Club" жасанды жағажай бассейнінде шомыламын деп, қыз бала суға кетті.