Нұр-Сұлтанда пара ретінде қымбат телефон алған әкімге сот үкімі шықты

17 ақпан, 18:40

Елордалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 17 ақпанда Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі 515 000 теңге тұратын ұялы телефон түрінде пара алғандығы және футбол алаңдарының құрылысы бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға жәрдем бергені үшін (ҚК-тің 366 бабының 2-бөлігі), ал кәсіпкер С.С.Нұртазин пара бергендігі үшін (ҚК-тің 367 бабының 2-бөлігі) кәнілі деп танылды.

"Сотталушылардың жасаған қылмыстары үшін өкінгендерін, кінәларын мойындағанын, асырауында жас балаларының барын ескере отырып, іс жеделдетілген сотқа дейінгі өнідірісте тергеп тексерілді.

Сот отырысы барысында прокурор айыптыларға А.С.Есіловке – 15 450 000 теңге және С.С.Нұртазинге – 7 725 000 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Экс-шенеунік - 15 450 000 теңге, С.С.Нуртазин - 7 725 000 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жазаға сотталды" делінген хабарламада.

Екі сотталушы да өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.

Айыппұлды төлеуден өрескел бұлтарған жағдайда, аталмыш жаза түрі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі 21 қаңтар күні Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есіловты ұстағаны белгілі болды. Ол пара ретінде 4 млн теңге және құны 550 мың теңге тұратын су жаңа смартфон алды деген күдікке ілінген болатын.