Нұр-Сұлтанда пәтер кезегінен шығарылған жалғызбасты ана басқарманы сотқа берді

06 желтоқсан, 16:00

Нұр-Сұлтанда жалғызбасты келіншек қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасын сотқа берді. Әйел азаматы пәтер кезегінен заңсыз шығарылдым деп отыр. Бұл туралы елордалық сотқа сілтеме жасап Elitar.kz хабарлайды.

Есіл аудандық соты О. есімді азаматшаның "Нұр-Сұлтан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" ММ-де тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы талап арызын қарады.

Сотта әкімдік жанындағы тұрғын үй комиссиясының 2019 жылдың 4 ақпанындағы отырысының шешімімен азаматшаның мемлекеттік тұрғын үй қорынан елорда тіркеуінде тұрмағандықтан, тұрғын үй алуға мұқтаждар тізімінен алып тасталғаны анықталды.

Сот талқылауы барысында талапкер сотқа жетім, жалғызбасты ана және екінші топтағы мүгедек екендігі туралы дәлелдемелерді ұсынды.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының заңының нормаларына сәйкес, аталған санатқа жатқызылған тұлғалар тізімнен алынуға жатпайды.

Аталған талап арызды сот толық көлемде қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне енді.