Нұр-Сұлтанда төрт айлық нәрестеден коронавирус анықталды

21 наурыз, 14:20

Төрт айлық нәрестесі бар отбасы 19 наурызда Париж-Минск-Нұр-Сұлтан рейсінен түсіріліп, ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қала әкімдігінде онлайн режимде өткен брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.

«Аталған бортта 73 жолаушы болған. Үш адам ауруханаға жеткізілді, олармен жақын байланыста 7 адам болғаны анықталды. Жетеуі де карантинге жатқызылды, қалған 63 жолаушы үй карантинінде», - деді басқарма басшысы.

"21 наурыз таңғы сағат 8:00-дегі мәлімет бойынша Нұр-Сұлтан қаласының ауруханаларында 645 науқас жатыр. Оның 62-сі балалар. Бүгінгі таңда қалада 28 адамнан коронавирус анықталды. Науқастардың екеуі 18 жасқа толмаған. Оның біреуі 4 айлық нәресте, екіншісі 14 жастағы жасөспірім. 18-29 жас аралығындағы 3 науқас, 30-49 жас аралығындағы 18 науқас, 50-59 жас аралығындағы 4 науқас, 60-69 жас аралығында 1 науқас анықталды», - деді Сәуле Қисықова.