Нұр-Сұлтанда заңсыз жұмыс істеп келген 422 таксиші жауапқа тартылды

18 қыркүйек, 14:30

Елордада 422 такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап Elitar.kz.

Жыл басынан бері 1949 адам әуе және теміржол нысандарында жолаушылардың мазасын алғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Оның 422-сі - заңсыз таксиші. Шектен тыс мазасыздығы үшін 14 таксиші әкімшілік қамауға да алынған. Бұның бәрі Нұр-Сұлтан қаласының теміржол бекетіндегі рейд кезінде анықталып отыр. Рейд барысында полицейлер 41 жастағы азаматтың теміржол перронында жеке такси қызметін ұсынып, жолаушылардың мазасын алғаны анықталды. Оның үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 449-бабы, 1 бөлігі бойынша әкімшілік қаулы толтырылған.

Айта кетерлігі, заң бойынша бір рет мұндай құқық бұзғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш (12025 теңге), қайталап жасағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (24050 теңге) көлемінде айыппұл және 5 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Ал заңбұзушы шетелдіктер болса, онда олар Қазақстан аумағынан шығарылады.