Нұр-Сұлтанда жоғалған бала Қостанай облысынан табылды

03 маусым, 16:00

Астанада бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен тоғыз жасар Елдос Қостанай облысынан табылды, деп хабарлайды Elitar.kz өңір полициясы департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Ұзынкөл ауданының полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Асылбек Молдағалиев Речное кентінде баламен жүрген бейтаныс әйелді байқаған. Полиция қызметкері кімге келгенін сұрай бастады. Бірақ әйел есімін басқаша атап, дұрыс жауап бере алмаған. Құжаттарды тексеру кезінде оның Нұр-Сұлтаннан келгені анықталды. Баланың құжатын көрсете алмаған",-деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Учаскелік инспектор кәмелетке толмаған баланың және баланың анасымын деп таныстырған әйелдің мәліметтерін ақпараттық жүйелер бойынша тексерді. Белгілі болғандай, тоғыз жасар бала елордада із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында болып шыққан.

"Баланың анасы ата-ана құқығынан айырылып, оны заңсыз алып кеткен. Полицейлер баланы әкесіне – заңды өкілге тапсырды", – делінген хабарламада.