"Созақ АПБ-не «102» телефоны арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан келе жатып, жолда адасып қалған азамат көмек сұрап хабарласқан. Ол өз сөзінде көлігі батпаққа батып, жанар-жағармайы таусылғанын айтқан. Келіп түскен ақпарат бойынша, Созақ АПБ-нің ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы тез арада хабарлама түскен аймаққа аттанып, жолда қалған тұрғындарға көмек берді" деді Түркістан облыстық полиция департаментіндегілер.
Полицейлердің анықтауынша, көмек сұраған отбасы өздерінің жеке көліктерімен Нұр-Сұлтан қаласынан ата-аналарының үйіне қыдырып келе жатқан беттері екен. Көлік ішінде жүргізушінің 1,5 және 3,5 жасар кішкентай қыздары, жұбайы болған. Жолда келе жатып адасқан азаматтың бір сәтте көлігінің жанармайы таусылады, өзінің қай жақта жүргендігін білмейді, тіпті желі жоғалып, байланысу мүмкін болмай қалады. Айдалада қалған отбасы ары-бері жүріп, кенет ұялы телефонында байланыс пайда болған сәтте полицейлерден көмек сұрап үлгерген.
Адасып қалған жүргізуші полицейлерге алғысын жаудырды.