​Назарбаев Халық әртісімен бірге кабинетінде ән айтты (видео)

02 қараша, 09:09

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев СССР мен Қазақстанның Халық әртісі Әлібек Дінішевті қабылдап, бірге ән айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.

Елбасының Халық әртісімен бірге ән айтқан сәтінің видеосын Мемлекет басшысының баспасөз қызметі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті. Президент пен әнші "Люблю тебя, мой край родной" (сөздері — И.Назалевич, музыкасы — Г.Подэльский) әнін орындады.

"Қабылдау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Әлібек Дінішевтің Қазақстан мен өнерін дамыту және ілгеріту ісіндегі айрықша рөлі мен сіңірген еңбегін атап өтті" делінген Ақорда таратқан мәліметте.

Халық әртісі Қазақстан Президентінің шығармашылық саласындағы саясатына және мемлекеттің өнер қайраткерлеріне қолдау көрсетіп отырғанына ризашылық білдірді.

– Мен Астананың мерейтойын атап өтуге үлес қосуды парызым деп білемін. Егемен еліміздің мәдениетін қалыптастыру кезінде Сізбен бірге болғанымды мақтан етемін. Бұл жолда көптеген қиыншылықтар еңсерілді. Қазір бәрі түбегейлі өзгерді, театрларға керемет жағдай жасалды. «Астана Опера» – соның жарқын мысалы. Оның сахнасында ән айту – зор қуаныш, – деді Әлібек Дінішев.

Фото, видео: Акорда