Алматы облысында есек ұрлап сатумен айналысқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.
Ұйғыр ауданындағы Үлкен Диқан ауылынан маусым айының ортасында бір түнде белгісіз біреу жайылымда жүрген 10 есекті ұрлап кеткен. Тұрғындар дер кезінде полицияға жүгініп, нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды.
«Жедел іздестіру шаралары негізінде Ұйғыр ауданының полицейлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен Шонжы ауылының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу барысында ұрланған есектердің арзан бағаға Талғар ауданында сатылғаны белгілі болды. Ұрланған малды сатып алушы да анықталды және қолды болған жануарлар өз иесіне қайтарылды», - деп мәлімдеді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған қылмыстық іс Ұйғыр ауданы полициясының өндірісінде. Қазіргі уақытта ұсталған күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталып жатыр. Облыстық полицейлер ұрланған мүлікті сатып алумен айналысты деп күдікке ілінген Талғар ауданының тұрғынын да жауапкершілікке тарту мәселесін көтеретін болады.