Қостанайда көші-қон қызметінің басшысы сотталды

30 қазан, 13:23

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәліметінше, басшыға бірнеше рет пара алды деген айып тағылған.

Күдікті К.Байжанов шетел азаматтары Э.Манукян, И.Гребенюк, А.Егиазарян, М.Закоян және Х.Махмадовадан жалпы қамқорлығы үшін 3 млн 10 мың теңге сомасында жүйелі негізде пара алған. Бұл ақша шетел азаматтарының елде тұруына рұқсат беретін ықтияр хат рәсімделгені үшін алынған. К.Байжановқа Г. Кравчук жәрдем берген.

«2019 жылдың 29 қазанындағы Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен Байжановқа 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысу және арнайы атақ-шен алу құқығынан өмір бойына айырылды. Осы үкіммен Кравчук 4 жылға бас бостандығынан айырылды, ал пара берушілер Манукян, Гребенюк, Егиазарян, Закоян және Махмадовқа берген параның он еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынды" делінген ведомство мәліметінде.