Қостанайда мәдениет үйінің басшысы мен бас есепшіге сот үкімі шықты

12 қараша, 14:40

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай облысындағы «Е. Өмірзақов атындағы Таранов аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жандыбаева мен сол мемлекеттік мекеменің бас есепшісі Мощенкоға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

Олар 722 000 теңге сомаға костюмдерді тігу бойынша орындалған жұмыстардың жалған актісін әзірлеп, оған қол қою жолымен қызметтік жалғандық және бюджеттік қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген. Кеше, яғни, 11 қарашада Таранов аудандық сотының үкімімен мекеме басшысы кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркіленбестен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал бас есепші мүлкін тәркілеусіз 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу қою жазасына кесілді. Екі сотталушы да мемлекеттік мекемеде лауазымды қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.