Әйелдің денесі Рудный қаласындағы орман алқабынан табылды.
Оқиға 13 қазан күні болған. Жергілікті тұрғын 47 жастағы қызының жоғалып кеткенін айтып полицияға арызданған. Келесі күні қалалық полицияның кезекші бөліміне орман алқабындағы медициналық-сауықтыру орталығы аумағында бір әйелдің денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы жетіп, әйелдің зорлықпен өлтірілгенін анықтады.
"Полиция жәбірленушінің таныстарынан жауап алып, қажетті жедел іс-әрекеттерін жүргізді. Нәтижесінде кісі өліміне жәбірленушінің досы мен оның жұбайының кінәлі екені анықталды. Іс деректерінде көрсетілгендей, үшеуі саңырауқұлақты теруге шыққан. Олар орман алқабында ішімдік ішкен. Ер адам жұбайының кеткенін пайдаланып, 47 жастағы әйелге пышақ жұмсаған. Жәбірленуші дене жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті көз жұмған әйелдің киімдерін өртеп, бағалы заттарын өзімен алып кеткен», - делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметте.
25 жастағы күдікті ер кісі Мендіқара ауданы Володаровка ауылында ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабымен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.