Оңтүстік Корея азаматтары Алматыда жас қыздарды жезөкшелікке салған

28 қараша, 08:30

Бойжеткендерді шетелдік клиенттерге интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген азаматтар қазір құрықталды, деп хабарлайды Elitar.kz.

Алматы қаласында жезөкшелер притонын ұйымдастырған оңтүстіккорейліктер арнайы жүргізілген іс-шара барысында анықталып отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев мәлім етті.

«Алғаш рет Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағында бір мезгілде «SТOP трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы өктізілді. Нәтижесіне төрт мемлекет аумағында адам саудасына қатысты 95 қылмыс анықталды. Мәселен, Алматы қаласында жеңгетайлардың жолы кесілді. Олардың барлығы да Оңтүстік Корея тумалары. Олар караоке-барын пайдаланып, шетелдіктерге интимдік қызмет көрсететін притон ұйымдастырған» деп атап өтті ресми өкіл.

Бұдан өзге шара барысында Астана қаласындағы темір жол вокзалы аумағынан да жезөкшелер ордасы анықталған. Онда интимдік қызмет көрсетумен айналысқан 7 жеңіл жүрісті қыз ұсталған. Олардың барлығы да Өзбекстан азаматшалары және жеті қыздың да үстінен әкімшілік іс қозғалған. Өзбекстан Республикасы ІІМ өкілінің профилактикалық әңгімелесуінің арқасында жеті қыздың үшеуі Қазақстаннан шығарылды.

ФОТО: Tengrinews.kz