Оңтүстік Кореяда 7 жасар баланы қағып, қашып кеткен қазақстандық қазір қайда жүр? СІМ ресми мәлімдеме жасады

07 қазан, 15:30

Оңтүстік Кореяда 7 жасар баланы қағып кеткен 20 жастағы Қазақстан азаматы Павлодарда жүр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.

Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде министрлік өкілі жас жігіттің оқиға орын алған соң дереу ол елден кетіп қалғанын айтты. Қазақстан тарапынан 1999 жылғы жігітке ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Себебі бұл қылмыс Қазақстан аумағында жасалмаған.

«Ол Қазақстанға қашып кеткен. Қазіргі уақытта бостандықта, Павлодар қаласында тұрады. Сол жақта біздің жергілікті құқық қорғау органдары онымен сөйлесті. Корея тарапынан арнайы құжаттар келіп түсті. Ол құжаттарды Сыртқы істер министрі тиісті механизм бойынша Бас прокуратураға жолдады. Енді бұл мәселе екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының арасында шешіледі», - деді Айбек Смадияров.

«ҚР СІМ Корея Республикасында орын алған оқиғаны біледі. Қазіргі уақытта бізге белгілі мәліметтерге сенсек, Қазақстан азаматы расында кішкентай баланы қағып кетіп, зардап шеккен баланы жолда қалдырып, оқиға орнынан қашып кеткен», - деп хабарлаған еді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға биыл 18 қыркүйек күні, сағат шамамен 15.30-да Кёнсан-намдо провинциясының Чангвон қаласында орын алды. Тергеушілердің мәліметінше, қатты жылдамдықпен келе жатқан қазақстандық жүргізуші баланы қағып кеткен. Одан кейін тоқтап, баланың құлағанын көреді де дереу оқиға орнынан ізін суытқан. Екі шақырымнан кейін ол көлікті тастап, Инчхон әуежайына жол тартады. Келесі күні таңертең Өзбекстанға ұшып кетеді. Көлік тіркелмегендіктен, күдіктіні анықтау үшін тергеушілерге біршама уақыт қажет болған. Күдіктінің есімі дүкенде пайдаланған банк карточкасының көмегімен анықталыпты. Күдікті жиырма жаста, оның бойы – жүз сексен сантиметрге жуық.

Ал зардап шеккен баланың басына ота жасалды, қазір ес-түзсіз жансақтау бөлімінде жатыр. Баланың әкесі қылмыскерді ұстау туралы өтінішпен ел Президентіне жүгінді. Күдікті Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген. Ол бұл елге өткен жылдың шілде айында турист ретінде келген.

ФОТО: Stan.kz